Батыс Қазақстан облысында волейбол жаттықтырушысы кәмелетке толмаған шәкіртін ұрғаны үшін сот алдына барды. Жанжал жасөспірімнің жарысқа барудан бас тартуынан туындаған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім еткендей, қылмыстық істі Ақжайық ауданының №2 аудандық соты қарады. Ер адам кәмелетке толмаған адамның денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтірді деп айыпталды (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 108-1-бабының 2-бөлігінің 8-тармағы).

Сот анықтағандай, сотталушы волейбол жаттықтырушысы болып жұмыс істеп, жасөспірімнің жарысқа бармайтыны туралы жауабына ашуланған. Осылайша туындаған жанжал кезінде ер адам жасөспірімнің бетіне қолымен екі рет ұрып, кейін кеуде тұсынан аяғымен тепкен.

Алған соққылардан жасөспірім артқа шегініп, басын бөлме қабырғасына соққан.

Кейін жасөспірім ата-анасына денесінің ауырғанын айтып, дәрігерге қаралған.

Ұсынылған дәлелдерді зерттей келе, сот сотталушыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 108-1-бабының 2-бөлігінің 8-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп таныды.

Істің мән-жайын ескере отырып, оған бір жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді.