Қазақстанда жылу беру маусымы жоспарға сай басталды, алайда Абай облысында Семейдің жылу желілерін дайындауда ақаулар анықталды. Осы үшін облыс әкімінің жылу-коммуналдық шаруашылыққа жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тарту тапсырылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Өңірлердің жылу беруге дайындығы үкімет отырысында жеке талқыланды. Қазіргі таңда 11 өңірде жылу беру іске қосылған.
«Жылу беру маусымы жоспарлы түрде басталды. Оңтүстік және батыс өңірлерде жылу кестеге және ауа райына сәйкес қосылады. Мен бұған дейін жылу көздері мен желілердің 1 қазанға дейін дайын болуын тапсырған едім. Бір өңірден басқасының барлығы мерзімінде орындады», — деп атап өтті премьер-министр Олжас Бектенов.
Сөз Абай облысы туралы болып отыр. «Осыған байланысты тиісті үйлестірудің болмауы және Семей қаласының жылу желілерін уақтылы дайындамауы үшін Абай облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырамын», — деді үкімет басшысы.
Бектенов өңір әкімдеріне жылу беру маусымын өткізу жөніндегі өңірлік штабтардың жұмысын жаңғыртуды, сондай-ақ энергия көздері мен желілердің жұмысын тұрақты тексеруді тапсырды.
«Барлық жоспарлы параметрлерді сақтап, отынның нормативтік қорын ұстау, резервтік жабдықтың дайындығын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ халыққа тұрақты бағамен көмір беру мәселесін үнемі бақылауда ұстау керек», — деді ол.


