Болгарияның Бяла қаласынан 150 шақырым жерде екі сауда кемесіне ұшқышсыз ұшу аппараттары шабуыл жасады — біреуі суға батып, экипажы із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Дрон соққысы туралы Болгария премьер-министрі Румен Радев өзінің Facebook парақшасында хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Апат сигналдары екі кемеден де түскен — Палау туының астындағы Able және Того туының астындағы Alfa Watan, деп хабарлады жергілікті БАҚ. Able кемесінің 18 адамнан тұратын экипажын жақын маңда болған болгар жүк-жолаушы кемесі құтқарып алды. Экипаж мүшелері Түркия мен Үндістан азаматтары болғаны, олардың екеуі зардап шеккені белгілі. Оларға көмек көрсетіліп, Варнадағы әскери госпитальге жеткізілді.

Премьер Радев болған оқиғаға байланысты Қорғаныс министрлігі, қауіпсіздік қызметтері және басқа да ведомстволар өкілдерімен шұғыл кеңес өткізді. Кездесу басталмай тұрып жарияланған үндеуінде саясаткер болған жағдайды «Болгарияның айрықша экономикалық аймағындағы мүлдем қабылданбайтын шабуыл» және «теңіз құқығы мен кеме қатынасы нормаларын ашық түрде айтарлықтай бұзу» деп атады.

Саясаткер аман қалған кеме бидай тасымалдап, оңтүстікке қарай бет алғанын, ал солтүстікке қарай жүрген суға батқан кеменің жүгі анықталмағанын мәлімдеді.

РБК-Украина хабарлауынша, Болгария Қара теңіздегі кемелерді атқылауға байланысты НАТО-ның 4 және 5-баптарын қолданбайды. Бұл туралы елдің премьер-министрі Румен Радев мәлімдеді — ол әзірге бұған негіз жоқ деп санайды. «Біз олардың қайдан келгенін әлі анықтауға тырысамыз, бірақ бұл ресейлік немесе украиналық дрондар екені анық», — деді саясаткер.