Алматы облысы Боралдай кентінде автомобиль дүкен қабырғасын бұзып, сауда залына кіріп кетті — жүргізуші жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жол-көлік оқиғасының салдары түсірілген бейнежазба Threads әлеуметтік желісінде пайда болды. Кадрлардан көліктің жергілікті дүкендердің бірінің ішінде тұрғаны көрінеді. Куәгерлер болған жайды іштен түсіріп алған: сату сөрелері де, көліктің өзі де зақымдалған.

Бейнежазбада адамдардың әңгімесінен үзінді де бар. Алдымен біреу: «Қарындас, сен қалайсың?», — деп сұрайды. Кейін тағы біреуі дауысын көтеріп: «Сен қалай жүргізесің?!», — дейді. Рөлде болған қыз өзінде бір түрлі ұстама болғанын айтқан.

Оқиғаға Алматы облысы полиция департаментінде түсініктеме берді. «Осы дерек бойынша полиция қызметкерлері жүргізушіні жауапкершілікке тартты. Оған қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес хаттама толтырылды. Оқиғаның мән-жайы тексеру аясында анықталды», — деп жазды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктемеде.