Босния және Герцеговинада Италияның әскери CH-47 тікұшағы апатқа ұшырап, үш адам қаза тапты, тағы 12 адам жараланды. Әуе кемесі Еуропалық одақтың EUFOR Althea әскери операциясы аясында тапсырма орындап жүрген, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Оқиға Сербия шекарасына жақын Брчко ауданындағы Горица елді мекенінің маңында болды. Бұл туралы Босния және Герцеговинадағы Еуропалық одақ миссиясы да хабарлады.

Әуе кемесінің апатқа ұшырағанын Италия Қорғаныс министрлігі растады. Ведомство дерегінше, бейсенбі күні күндіз тікұшақ Althea операциясы аясында тапсырма орындау барысында себептері әзірге анықталып жатқан жағдайдан апатқа ұшыраған.

Құтқару қызметтері оқиғаға жедел ден қойды. Италия Қорғаныс министрлігі әзірге қосымша түсініктеме бермейтінін мәлімдеді, өйткені экипаж мүшелерінің денсаулық жағдайы туралы нақтырақ ақпаратты күтіп отыр.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Италияның әскери CH-47 Chinook тікұшағының Босния және Герцеговинада құлаған сәтінен түсірілген кадрлар пайда болған.