Батыс Қазақстан облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы бойынша бөлінген бюджет қаражатының жымқырылғаны анықталды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, тергеу деректері бойынша күдікті өзіне бағынышты «Агрокомплекс АРСЕН» ЖШС және «ОнегеАгрооСервис» ЖШС-ін пайдаланған. Уәкілетті органға Жәнібек ауданы Қуйгенкөл ауылдық округінде су үнемдейтін суару технологияларын салу кезінде шеккен шығындарды өтеу үшін инвестициялық субсидия алуға құжаттар ұсынылған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми Telegram-арнасында нақтыланғандай, растау ретінде жалған төлем тапсырмалары мен орындалған жұмыс актілері ұсынылған.

Осы құжаттардың негізінде бағынышты ЖШС-тердің шоттарына жалпы сомасы 251 млн теңге инвестициялық субсидия аударылып, кейін ол қолма-қол ақшаға айналдырылған. Қаражаттың бір бөлігі тұрғын үй сатып алуға жұмсалған.

Соттың санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды. Тергеу жалғасуда.