Бразилияның оңтүстігіндегі Тупансиретан қаласын қиратқан дауыл шамамен сегіз мың тұрғын үйді зақымдады. Бес адам қаза тапты, 265 адам жарақат алды, ал 20 мыңға жуық тұрғын баспанасыз қалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

ТАСС агенттігінің мәліметінше, Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) зардап шеккен Тупансиретанға авариялық-құтқару жұмыстарына көмектесу үшін өз мамандарын жіберді.

«Қиратқан дауыл тұрғын үйлердің 93 пайызын зақымдап немесе қиратқаннан кейін 20 мыңға жуық адам өз үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды», — делінген ұйым хабарламасында.

Синоптиктердің дерегінше, нөсер жаңбыр мен бұршақпен қатар жүрген қатты дауыл Риу-Гранди-ду-Сул штатының оңтүстігіндегі ауыл шаруашылығымен айналысатын Тупансиретан қаласына жұма күні таң алдында түсті. Апат шамамен 40 минутқа созылып, жел екпіні сағатына 114 шақырымға жетті.

Қаза тапқандар мен 265 жарақат алған адамнан бөлек, баспанасыз қалған отбасылар «қауіпсіз тұрғын үйге, шұғыл көмекке, сондай-ақ үйлерін жөндеуге немесе қалпына келтіруге қолдауға» аса мұқтаж.

«Газета.ru» басылымының жазуынша, табиғат апаты салдарынан электр және сумен жабдықтауда айтарлықтай үзілістер тіркелді. Ауруханадағы зақымдануларға байланысты науқастарды көршілес муниципалитеттердің медициналық мекемелеріне көшіруге тура келді. Сондай-ақ қаладағы мектептер, қарттар үйлері және басқа да әлеуметтік нысандар зардап шекті.

Қала әкімдігінің бағалауынша, қаладағы шамамен 8 600 тұрғын үйдің 8 000-ға жуығы зақымдалған, шатырынан айырылған немесе қираған.

Ұйымның атап өтуінше, жергілікті тұрғындарға қауіпсіз тұрғын үй мен шұғыл көмек, сондай-ақ үйлерін жөндеуге немесе қалпына келтіруге қолдау аса қажет.