Брисбеннің оңтүстігіндегі Fitzy's Loganholme пабының сыртында бетперде киген қарулы адамдар адамдар тобына оқ жаудырды. Атыс салдарынан 19 жастағы қыз қаза тапты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Jimboomba тұрғыны Вана-Рис Шустер-Тогиатау сенбі түні достарымен демалысқа шыққанда басы мен мойнына оқ тиген. Ол бейсенбі күні таңертең Принцесс Александра ауруханасында көз жұмды.

Сонымен қатар 27, 37 және 38 жастағы үш ер адам ауруханаға жатқызылды. Біреуі отадан кейін қалпына келуде, қалған екеуі ауруханадан шығарылды.

Полиция шабуылды ұйымдастырғандарды іздестіруде. Атыс болған түні мекемеде бокс кеші өтіп жатқан.

Тергеу инспекторы Иан Галпин жас қыздың қаза болғанын журналистерге хабарлаған кезде көз жасына ерік берді. Ол Шустер-Тогиатаудың туыстары мен достарына көңіл айтып, кісі өлтіру ісін тергеуге шамамен 80 полицей тартылғанын айтты.

«Бұл адамдар анықталып, қамауға алынғанша тоқтамаймыз», — деді ол.

«Қауымдастықты мынаған ой жүгіртуге шақырамын: өмірінің қызған шағындағы 19 жастағы қыз достарымен бір түн демалғанға шығып, өмірінен ең қорқақ тәсілмен айырылды. Бұл қылмысқа кімнің қатысқанын және оның не себепті болғанын дәл білетін адамдар бар.

Сол адамдарды батылдық танытып, бұл ақпаратты айтуға шақырамын», — деді тергеу инспекторы.

Галпиннің айтуынша, жас құрбанның отбасы «қиын жағдайда» және жеке өмірінің құпиялылығын сақтауды сұраған.

«Бұл олар үшін өте ауыр кезең, бастарынан өткеріп жатқан қайғыны елестету қиын», — деді ол.