Ұлыбританияда Ресей пайдасына тыңшылық жасады деген күдікпен ұсталған АҚШ әскерінің офицері американдық әскери қамауға өткізілді. Бұл туралы британдық терроризмге қарсы полиция хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Әскери қызметші — подполковник Брэндон Кэрролл Тайнер. Бұл ақпаратты Би-би-си жаңалықтар қызметі растады. 41 жастағы офицер АҚШ әскерінде 2008 жылдан бері қызмет етеді. Оны британдық терроризмге қарсы полиция өткен аптада Глостер маңында ұстаған.

Тайнер Глостершир графтығындағы Иннсворт елді мекеніндегі Имджин әскери қалашығында орналасқан — бұл НАТО-ның Біріккен жедел әрекет ету корпусының (ARRC) штаб-пәтері.

Терроризмге қарсы полиция қызметінің мәлімдеуінше, ол қазір ұлттық қауіпсіздікке қатысты және тыңшылыққа күдік бойынша қамауда ұсталып отыр. Ұсталған кезде Ресей тарапы бұған «ешқандай қатысы жоқ» деп мәлімдеген болатын.

Британдық полиция бұған дейін оның Лондонда ұсталып, 2023 жылғы Ұлттық қауіпсіздік туралы заңның бірінші және үшінші баптары бойынша ұсталғанын хабарлаған. Аталған баптар қорғалатын ақпаратты алуға немесе жария етуге, сондай-ақ шетелдік барлау қызметіне көмектесуге қатысты.

Тайнер ұсталғаннан кейінгі күні Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл оқиғаның неге байланысты екенін «білмейтінін» айтқан. «Біздің бұған ешқандай қатысымыз жоқ, оның да бізге қатысы жоқ», — деді ол Мәскеуде журналистерге.

Терроризмге қарсы полиция қызметінің басшысы, ассистент-комиссар Лоуренс Тейлор былай деп мәлімдеді: «Кейіннен тергеуді одан әрі жалғастыру үшін оны [американдық серіктестеріне] өткізу туралы шешім қабылданды». «Бұл — аса ауыр айыптаулар, және біздің ортақ жауабымыз осындай тыңшылық әрекеттері орын алуы мүмкін деп күдіктенген жағдайда біз тез әрі қатаң әрекет ететінімізді көрсететін мықты белгі болуға тиіс», — деп қосты ол.