Чилидің орталық бөлігінде полицейлер су басқан үйлерінде қамалып қалған бірнеше тұрғынды тікұшақпен қауіпсіз жерге алып шықты. Соңғы күндері жауған толассыз жаңбыр Мапочо өзенінің жағасынан асып, астана Сантьягодан оңтүстік-батысқа қарай 35 шақырым жердегі Талаганте қаласының үлкен бөлігін су астында қалдырды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Синоптиктердің мәліметінше, Сантьягода осы айдың алғашқы жеті күнінде 74 миллиметр жауын-шашын түскен. Бұл — аталған аймақта соңғы 76 жылдағы ең жаңбырлы қазан.
Мамандар биылғы ерекше күшті Эль-Ниньо климаттық құбылысы оңтүстік жарты шардың көктемі кезінде аймаққа әдеттен тыс ылғалды ауа райын, қатты жел мен дауыл әкелуін жалғастырады деп ескертті.
Лауазымды тұлғалар Сантьягодан оңтүстікке қарай орналасқан Сан-Бернардо қаласындағы су басқан жерасты өткелінен бір адамның денесі табылғанын айтты. Алайда оның өлім себебі әзірге расталған жоқ.
Талагантеде полиция түнде кенеттен көтерілген судан зардап шеккен Мапочо өзенінің жағасында тұратын адамдар мен үй жануарларын тікұшақтармен құтқарды. Өзен жағасындағы елді мекенде топырақ жолдар суға айналды. Шілде айындағы дауылдардан өзгеше, бұл жолы қатты жауын-шашын алдында тұрғындар алдын ала көшірілмеген болатын.


