Анталияда өтіп жатқан COP31 климат конференциясында қазба отынға қатысты қайшылық келіссөздерді тұйыққа тіреді. Арал мемлекеттерінің министрлері, сондай-ақ Панама және Испания, Франция, Бельгия, Швеция мен Финляндияны қамтитын Еуроодақтың ықпалды тобы қорытынды келісімнен алынып тасталған мұнай, газ және көмірден бас тарту туралы міндеттемені қайта енгізуге барын салып жатқанын мәлімдеді. Бұған дейін Сауд Арабиясы бастаған қазба отын өндірушілер оны мәтіннен алып тастауды талап еткен еді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Қазба отын тіпті аталмайтын COP немесе қорытынды шешім қабылдауға жол беруге болмайды, біз мұнымен ешбір жағдайда келіспейміз», — деді Панаманың қоршаған ортаны қорғау министрі Хуан Карлос Наварро.

Оның сөзін Францияның экологиялық ауысу министрі Моник Барбю қолдады. Ол мәтіндегі көміртекті ұстап алу, пайдалану және сақтау технологиясына қатысты бірнеше сілтемені сынға алды. Бұл технология шығарындыларды ұстап алып, жерастында сақтайды, алайда министрдің пайымдауынша, ол басқа елдерге мұнай мен газды жағуды жалғастыруға рұқсат ретінде қарастырылып отыр. «Біз әлемге температура 1,5 градусқа көтерілді деп жариялап, ештеңе болмағандай кәсіп жүргізе алмаймыз», — деді Моник Барбю.

COP тарихында алғаш рет Анталия келісімі деп аталатын құжат жаһандық температураны 1,5 градустан төмен деңгейде ұстау мақсаты орындалмағанын мойындайды. Әлем «асып кету» деп аталатын кезеңге аяқ басты. Ғалымдардың ескертуінше, осы шектен асқан соң миллиондаған адам теңіз деңгейінің көтерілуі мен қатты ыстыққа ұшырайды.

Би-би-сидің мәліметінше, Еуроодақтың бірқатар еліне бұл бастамаға қосылу ұсынылған, бірақ олар келіссөздерге кедергі келтіреді деп есептеп, бас тартқан. Соған қарамастан бір жетекші келіссөзші өз қолдауын білдірді: «Себебі аталмаған климат келісімі қалай болмақ?»

Алайда келіссөздерді басқарып отырған Австралияның климат өзгерісі және энергетика министрі Крис Боуэн бұған қарсы шықты. Ол бұл COP іс жүзінде жүзеге асыруға арналған және таза энергия көздеріне көшуге баса назар аударуы керек деп санайды. Бір ұсыныс бойынша, Сауд Арабиясы мен басқа мұнайлы мемлекеттер 2035 жылға қарай электр қуатының 35 пайызын электр энергиясынан алуға міндеттеме қабылдаса, қазба отын мәселесі күн тәртібінен алынып тасталуы мүмкін.

Бұл дамушы елдер көтерген тағы бір маңызды мәселені — қаржы тапшылығын шешпейді. Мәтіннің бұған дейінгі нұсқаларында бейімделуге арналған қаржыны 2035 жылға қарай 120 миллиард долларға дейін ұлғайту туралы келісім болған, қазір ол алынып тасталды.

«Біз мұнда қайыр сұрауға келген жоқпыз, дамыған елдердің антропогендік әрекеттерінің салдарын тартып жатқан халқымыз үшін өзімізге тиесілі нәрсені талап етуге келдік», — деді Гананың қоршаған ортаны қорғау министрі, Африка келіссөзшілер тобының төрағасы Занетор Агеман Раулингс.