Колорадо университетінің ғалымдары швед әріптестерімен бірге COVID-19-дан айыққан адамдардың тіл бүршіктерінде молекулалық және құрылымдық өзгерістер тапты. Зерттеушілер коронавирустық инфекциядан кейінгі дәм сезудің ұзаққа жоғалуына түсініктеме берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Chemical Senses журналында жарияланған зерттеуге дәм қабылдауы бұзылып, сауыққаннан кейін де бір жылдан астам уақыт бойы қалпына келмеген 28 адам қатысты. Олардың ешқайсысы ауырған кезде ауруханаға жатқызылмаған.
Тәжірибеге қатысушылар тәтті, ащы және умами дәмін ажыратуда қиналған, ал тұзды және қышқыл дәмге сезімталдығы бұрынғыша қалған. 20 адамның тіл бүршіктерінен алынған тін үлгілерін талдау PLCβ2 ақуызын өндіруге жауап беретін матрицалық РНҚ деңгейінің төмендегенін көрсетті.
Профессор Томас Фингердің айтуынша, PLCβ2 ақуызы дәм жасушаларының ішінде молекулалық күшейткіш ретінде жұмыс істейді. Ол тәтті, ащы және умами дәмдерін анықтаған кезде миға жіберілетін сигналды күшейтеді. Бұл ақуыз жетіспесе, берілетін импульстер тым әлсіз болады. Қышқыл және тұзды дәмді қабылдайтын жасушалар PLCβ2-ге тәуелді емес, басқа механизмдерді пайдаланады, сондықтан олардың жұмысы бұзылмайды.
Молекулалық ақаулардан бөлек, микроскопиялық зерттеу науқастардың тіл бүршіктеріндегі жасушалардың физикалық құрылымы мен орналасуындағы бұзылыстарды анықтады. Әдетте тіл бүршіктерінің жасушалары әр екі-төрт апта сайын жаңарып отырады, алайда табылған ақаулар әлдеқайда ұзақ сақталуы мүмкін. Авторлардың пікірінше, бұл деректер ауырған адамдарда дәм қабылдау жүйесінің ұзақ мерзімді зақымдалғанын көрсететін алғашқы өлшенетін биологиялық дәлел болды.


