Ұлттық дәстүрлер Қазақстанның заманауи мәдениетінің маңызды бөлігі болып қала береді: шеберлер дәстүрлі ою-өрнек пен қолөнер техникасын заманауи дизайнмен ұштастырып, мәдени мұраны сақтап келеді. Осындай жобаларды дамытатын алаңдардың біріне еліміздің түрлі өңірлерінен шыққан шығармашыл кәсіпкерлерді біріктірген Creative Aimaq республикалық жобасы айналды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жоба аясында еліміздің өңірлерінде дизайнерлер, суретшілер, зергерлер мен қолөнершілер өз туындыларын ұсынған аймақтық жәрмеңкелер өтті. Өнім қатарында ұлттық нақыш айқын байқалатын бұйымдар ерекше орын алды: дәстүрлі ою-өрнегі бар киім, зергерлік әшекейлер, ағаштан, теріден және киізден жасалған заттар. Мұндай тәсіл дәстүрлі қолөнерге деген қызығушылықты сақтап, оны жаңа көрерменге таныстыруға мүмкіндік береді. Осылайша мәдени мұра тек өткеннің бөлігі болып қалмай, қоғаммен бірге дамиды.

Жәрмеңке бағдарламасы авторлық өнімді сатумен шектелмеді. Келушілер үшін дизайнерлік көрсетілімдер, шеберлік сабақтары, музыкалық қойылымдар және басқа да мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Олар қатысушыларға өз жұмыстарын таныстырып қана қоймай, өңірлік мәдениеттің ерекшеліктері, шығармашылық тәсілдер мен бұйымдардың тарихы туралы әңгімелеуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар заманауи өнер дәстүрлі бағыттарды жаңа технологиялармен жиі ұштастыра түсуде. Жәрмеңкелерде киіз, тері және ағаш бұйымдарымен қатар жасанды интеллект қолданылған анимациялық жобалар мен цифрлық әзірлемелер де ұсынылды. Бұл ұлттық мәдениеттің дамуы технологиялық өзгерістермен қатар жүріп, шығармашыл мамандарға жаңа мүмкіндіктер аша алатынын көрсетеді.

Creative Aimaq қорытындысы отандық шығармашылық өнімнің сұранысқа ие екенін және өңірлік креативті индустриялардың әлеуетін растады. Шеберлерді қолдау, қазақстандық брендтерді ілгерілету және авторлық жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасау кәсіпкерлікті дамытып қана қоймай, елдің мәдени өзіндік ерекшелігін сақтауға көмектеседі.