Қазақстандық әртіс және композитор Димаш Құдайберген Меридадағы концертінде мексикалық жанкүйерлеріне ерекше сый жасады — атақты романтикалық әнді испан тілінде орындады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Әртістің өнер көрсетуі бейнеленген видео жанкүйерлерінің Instagram парақшасында пайда болды. Кадрларда Димаш «Historia De Un Amor» («Бір махаббаттың тарихы») әнін орындап жатқан сәті түсірілген. Дәл осы нөмір оның Меридадағы шоуында мексикалық көрермендер үшін ерекше сыйға айналды.
«Historia De Un Amor», Мерида, 11 қараша. Бұл концерттің ең ерекше сәті болғанына сенімдімін», — делінген жазбада.
Желідегі жанкүйерлердің реакциясы таңданыс тудырды. «Құдайым-ай, сен кереметсің», «Оның осы атақты әнді орындағанын көруден еш шаршамаймын», «Осы әдемі әнді қандай тамаша интерпретацияладың. Браво!», «Қанат әкеге, Света анаға, барлық ата-әжеге ұл мен немере үшін рахмет. Димаш — біздің мақтанышымыз», — деп жазады қолданушылар.
Бұған дейін Димаш Меридадағы концерт алдындағы дайындық сәттерін көрсеткен еді.


