Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген жаңа әлемдік турының басталуы қарсаңында әлеуметтік желіде әсерлі фотоларын жариялады. Жанкүйерлер онымен кездесуді асыға күтіп жүргендерін жеткізді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Димаш Құдайбергеннің Instagram парақшасында жаңа жазба пайда болды. Әнші әсерлі фотоларын жариялап, DIMENSIONS турына санаулы күндер қалғанын атап өтті. «Кері санақ: 5 күн! Осы сәт жақындап қалды», — деп жазды ол.
Әр елдегі Димаш жанкүйерлері оның жаңа концерттерін асыға күткендерін мәлімдеді. Олар Қазақстандық кумирімен аңсаған кездесу алдында толқуын тежей алмай отыр.
«Керемет. Біз сізді Анкарада күтеміз», «Күтумен өтті! Бұл керемет болатынын білемін! Қуанышымның шегі жоқ», «Димаш, біздің толқуымыз кем емес. Концерттерге баратындардың барлығы осы сәтті жақындату үшін чемодандарын жинап қойған шығар. Осы 5 күн бір сәтте өте шығады», — деп жазды фолловерлер.
Әлемдік тур аясында осы күзде Димаш Краков, Дюссельдорф, Мадрид, Мерида және әлемнің басқа да қалаларында концерттер береді. Бұған дейін Димаш алдағы әлемдік турға қалай дайындалып жатқанын айтқан болатын.


