Радикалды діни ағымнан өз бетінше шығу мүмкін емес деген пікір кең таралған. Алайда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің дінтану және мәдениеттану кафедрасының доценті, дінтанушы Жанна Қантарбаева бұған қосылмайды: адам мұндай ұйымнан өзі шыға алады, бірақ бұл процесс әрдайым жеңіл бола бермейді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Сарапшының айтуынша, діни ұйымда болу адамға тек діни сенім ғана емес, әлеуметтік байланыс, эмоционалдық бауыр басу және таңылған өмір салтын да береді. Сондықтан мұның бәрінен бірден бас тарту қиынға соғады.
Шығудың қиындығы көбіне адамның ағымға қаншалықты тартылғанына байланысты. Діни ағымға енді ғана араласа бастағандарға әдеттегі өмір салтына оралу оның сенімін ұзақ уақыт ұстанғандарға қарағанда жеңілірек.
Жанна Қантарбаева бұл ретте бейімделу — әдеттегі өмірге біртіндеп оралу кезеңін де маңызды деп санайды. «Әлеуметтік қолдаудың рөлі зор. Отбасы мен жақындар — өте маңызды фактор: сенімді қарым-қатынасты сақтап, құрмет көрсету қажет. Радикалды діни ұйымда ұзақ уақыт болған адамда белгілі бір әдеттер мен өмір салты қалыптасып қалған. Ал біз мұның бәрін жоққа шығара немесе сынай бастасақ, оның бойында ішкі қарсылық туындауы мүмкін. Сондықтан адамның бейімделу барысында құрмет пен шыдамдылық таныту керек», — деді дінтанушы.
Жақындардың қолдауынан бөлек, адамға жаңа қызығушылықтар табуға және назарын біртіндеп өмірдің басқа салаларына аударуға көмектесу маңызды. Бұған деструктивті діни ағымдардың ықпалына ұшыраған адамдармен жұмыс істейтін оңалту орталықтары айтарлықтай көмек көрсете алады.
«Бұл — кешенді жұмыс. Оған тек отбасы ғана емес, қоршаған орта, достар және мемлекеттік көмек те кіреді», — деп түсіндірді сарапшы.
Осылайша, әдеттегі өмірге оралу кешенді көзқарасты және тек отбасының ғана емес, жалпы қоғамның да қатысуын талап етеді.


