Қазақстанда доллар бағамының төмендеуі жалғасып жатыр: Қазақстан қор биржасында (KASE) американдық валютаның құны 445 теңгеден, ал евро 500 теңгеден төмен түсті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Өткен аптаның соңында доллар бағамы 450 теңгеден төмендеген еді. Осы аптада шамалы ауытқулар байқалғанымен, бүгін ол кезекті межеден де өтіп, одан әрі арзандады.

Осылайша, Қазақстан қор биржасындағы (KASE) бүгінгі шетел валюталары саудасының қорытындысы бойынша американдық валютаның орташа өлшенген құны 444,76 теңге болды. Тәулік ішіндегі төмендеу — 2 теңгеден астам.

Ел мегаполистеріндегі айырбастау пункттері бүгін сағат 15:30-да Kurs.kz порталының деректеріне сәйкес қолма-қол долларды сатып алу және сату бағамын былай белгіледі: Астана: сатып алу — 443 теңге, сату — 450 теңге; Алматы: сатып алу — 440,5-тен 446,6 теңгеге дейін, сату — 446,9-дан 448,5 теңгеге дейін; Шымкент: сатып алу — 443-тен 445,7 теңгеге дейін, сату — 446-дан 448,5 теңгеге дейін.

Биржада евро бағамы да 500 теңгеден төмендеді — тәулік ішінде шамамен 6 теңгеге. Оның бүгін сағат 15:30-дағы орташа өлшенген мәні 495,82 теңге.

Ал ел айырбастау пункттері қолма-қол евроны сатып алу және сату бағамын былай белгіледі: Астана: сатып алу — 495 теңге, сату — 505 теңге; Алматы: сатып алу — 490-нан 498 теңгеге дейін, сату — 499-дан 505 теңгеге дейін; Шымкент: сатып алу — 495-тен 497 теңгеге дейін, сату — 499-дан 504 теңгеге дейін.

«Мұнай бағасының төмендеуіне және сауда барысында доллар индексінің өсуіне қарамастан, ұлттық валютаның нығаюы ішкі факторларға байланысты болуы мүмкін. Теңгеге Ұлттық Банктің операциялары аясында шетел валютасын сату, экспорттаушылар мен КЖС субъектілерінің валюталық түсімді конвертациялауы, сондай-ақ нарықтың жекелеген қатысушыларының пайданы тіркеуі қолдау көрсеткен болуы ықтимал», — деп атап өтті Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы.