Беларусь Бас прокуратурасы елдің Тергеу комитетіне ресейлік орындаушы Егор Кридтің клипін әлеуметтік желілердегі теріс пікірлерден кейін тексеруді ұсынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Беларусь Бас прокуратурасының Telegram-арнасында Егор Кридтің клипі қоғамда кең резонанс тудырып, әртүрлі әлеуметтік желілерде теріс бағаланғаны мәлімделді. Ведомство клипте Кридтің «Иди и смотри» фильмінің басты кейіпкерінің стильдендірілген бейнесі бар киім кигенін нақтылады. Осындай бейнені жасаған дизайнерлер фильмнің афишасын пайдаланып, басты кейіпкердің портретіне татуировка мен пирсинг, сондай-ақ «Маркировка дистанции» деген жазу қосқан.
«Бас прокуратура Тергеу комитетіне аталған мән-жайларды әлеуметтік араздық немесе өшпенділік тудыру, нацизмді насихаттау, беларусь халқының геноцидін жоққа шығару, сондай-ақ басқа да қылмыстар белгілерінің бар-жоғы тұрғысынан зерттеуді ұсынды», — делінген хабарламада.
РБК деректеріне сәйкес, «Иди и смотри» фильмі — 1985 жылы шыққан режиссер Элем Климовтың советтік әскери драмасы. Фильм Ұлы Отан соғысы кезінде партизандар қатарына қосылып, оккупацияланған Беларусьтегі бейбіт тұрғындарға нацистердің жасаған қиянаттарының куәсі болған беларусь жасөспірімі Флер туралы баяндайды.
Алайда Егор Крид өзінің Telegram-арнасында клиптегі аталған лонгсливпен түсірілген барлық кадрлар шұғыл түрде бұлыңғырланғанын хабарлады.
«„Иди и смотри“ фильмін көрмеппін және ол туралы естімеппін, сондықтан киімдегі бейненің оның постеріне сілтеме жасайтынын біле алмадым. Мен үшін бұл дүкеннен сатып алынған, сөреде еркін сатылымда тұрған дизайнерлік зат қана еді. Бұл бейнеге ешқандай саяси немесе тарихи мағына салған жоқпын. (...) Тағы да ренжіткендердің барлығынан кешірім сұраймын, енді сатып алған әрбір затымның әрбір суретін гуглден тексеретін боламын», — деп жазды Крид.


