eGov Mobile мобильді қосымшасында жақында іске қосылған отбасының әл-ауқатын бағалау калькуляторы қазақстандықтардың бір бөлігіне қолжетімсіз болып шықты — сервис тек әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақы алып жүргендерге ғана жұмыс істейді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Құралдың қосымшада пайда болғаны бір күн бұрын белгілі болды. Калькулятор мемлекеттік қолдаудың жекелеген шараларын 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы түрде ұсынуға көшу аясында іске қосылған. Азаматтар бағалау өлшемдерімен танысып, өз отбасының әл-ауқат деңгейін анықтай алады деп көзделген. Бағалау үшін алты бағыт бойынша 59-дан астам көрсеткіш қолданылады.

Алайда қазақстандықтар әлеуметтік желілерде калькуляторды пайдалана алмай жатқанын жаза бастады, өйткені ол тек жәрдемақы алып жүргендерге қолжетімді.

NUR.KZ тілшісі eGov Mobile қосымшасындағы қызметті сынап көрді. Расында, қазір сервисті пайдалануға әрекет жасағанда қолжетімділік шектелгені туралы хабарлама шығады. Бір жағдайда калькулятор тек әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақы алып жүрген азаматтарға ғана қолжетімді екені туралы ескерту пайда болады.

Сонымен қатар қызметті қайта пайдалануға әрекет жасаса, қосымша ешқандай хабарламасыз ақ экранды көрсетуі мүмкін. NUR.KZ тілшісі шешімге түсініктеме беруді сұрап, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сұрау жіберді.

Еске салайық, бірнеше күн бұрын елде қазақстандықтардың деңгейін А-дан Е-ге дейін анықтайтын әл-ауқат калькуляторы таныстырылған болатын — мысал ретінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтың деректері тексерілді.

2027 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енетін өзгерістер отбасыларды бірнеше санатқа бөлуді көздейді. Бұған дейін қазақстандықтардың қайсысы А (бай), B (ауқатты), C (305 мыңнан бастап табысы бар), сондай-ақ D (кедейлік шегінде) және Е (ең осал санат) санаттарына жатқызылатыны хабарланған.

Бұдан бөлек, Қазақстанда отбасының қай әл-ауқат санатына жататынын қалай анықтауға болатыны айтылды. Ал үкіметте кейбір азаматтар жәрдемақыдан өз бетінше бас тарта бастағанын мәлімдеді.