Элвис Преслидің шығармашылық мұрасының құқық иелері Suno компаниясына қарсы сотқа жүгініп, танымал жасанды интеллект сервисін музыканттың дауысы мен композицияларын заңсыз көшірді деп айыптады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Талап арызда музыка генераторының әзірлеушілері атақты әртісгің жүздеген трегін ресми рұқсатсыз өз алгоритмдерін оқытуға пайдаланғаны айтылады. Арыз берушілердің айтуынша, платформаның функциялары пайдаланушыларға рок-н-ролл королінің бірегей дауыс тембрі мен орындау стилін дәл көшіретін композицияларды еркін жасауға мүмкіндік береді.
Мұрагерлердің заңгерлері мұндай әрекеттер орындаушылардың сыртқы келбетін, бейнесін және дауысын жасанды интеллект арқылы рұқсатсыз клондаудан қорғау үшін арнайы қабылданған Теннесси штатының ELVIS Act заңын бұзатынын атап өтті. Арыз авторлары атақты музыканттың бірегейлігі іс жүзінде ұрланғанын мәлімдеп, оның дауысын одан әрі пайдалануға тыйым салуды, сондай-ақ авторлық құқықты бұзғаны үшін өтемақы төлеуді талап етті.
Suno өкілдері талаптарды жоққа шығарып, платформа әртістердің есімдерін тікелей көрсететін сұраныстар жасауға тыйым салатынын және контентті автоматты түрде сүзетінін мәлімдеді. Бұл талас музыкалық каталог иелері мен дыбыс генерациясын монетизациялауға ұмтылған жасанды интеллект компаниялары арасындағы сот даулары толқынының бір бөлігіне айналды.


