Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Қазақстан азаматтарының қайсысы әл-ауқат деңгейі бойынша D санатына жатқызылатынын түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің саралауы бойынша, D санаты отбасының кедейлік шегінде тұрғанын білдіреді — бұл экономикалық тұрғыдан осал деңгей. Қазақстанда осындай 1,4 млн отбасы бар: олардың табысы бар, бірақ ол жеткіліксіз, ал кез келген күтпеген шығыс жағдайды нашарлатады.

Отбасы D санатына енуі үшін екі немесе одан да көп белгі қатар келуі керек: адам басына шаққанда 51 мыңнан 102 мың теңгеге дейінгі табыс (төрт адамнан тұратын отбасы үшін — 400 мың теңгеге дейін); отбасындағы ересек мүшелерінің бірінде мерзімі өткен кредит болуы; еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыс істемеуі; адам басына шаққанда 18 шаршы метрден аз тұрғын үй.

Мұндай отбасылар үшін әлеуметтік қолдау шаралары сақталады. Әл-ауқат деңгейін ай сайын анықтау жоспарлануда.

Еске салайық, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жәрдемақының кейбір түрлері отбасының әлеуметтік әл-ауқат деңгейін объективті бағалау негізінде, яғни мұқтаждық қағидаты бойынша берілетін болады. Бұған дейін қазақстандықтардың қайсысы А (әл-ауқаты жоғары деңгей), B (ауқатты), C (табысы 305 мың теңгеден басталатын) және Е (ең осал санат) санаттарына жатқызылатыны хабарланған еді.