Қазақстанда 36 әлеуметтік көмек түрінің 22-сі бұрынғыша тағайындалады. Өзгерістер мүгедектігі бар адамдарға, ядролық сынақтар мен саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендерге берілетін бірқатар төлемге қатыспайды. Бұл туралы брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Реформа барлық жәрдемақыға қатысты емес. Мұны ескеру керек, әлеуметтік желілерде бұл жөнінде көптеген сұрақтар туындап жатыр», — деді министр.
Реформа мына жәрдемақылар мен өтемақыларға қатыспайды:
Ұлы Отан соғысына қатысушыларға;
ҰОС кезінде жаралану, контузия, мертігу немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдарға;
ҰОС қатысушыларына теңестірілген азаматтарға;
ҰОС салдарынан мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген азаматтарға;
ҰОС-та қаза тапқан, қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлердің жесірлеріне;
ҰОС салдарынан мүгедектігі бар қайтыс болған адамдардың жұбайларына;
Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, Даңқ және Еңбек Даңқы ордендерінің толық кавалерлеріне;
тыл еңбеккерлеріне;
№1 тізім бойынша — аса зиянды және аса ауыр еңбек жағдайлары үшін;
№2 тізім бойынша — зиянды және ауыр еңбек жағдайлары үшін;
арнайы кәсіби мемлекеттік жәрдемақы;
заңды тұлға таратылған кезде мемлекетке жүктелген өмір мен денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу;
Чернобыль апатын жоюшыларға және айрықша аймақтар мен қоныс аудару аймақтарынан көшірілгендерге;
Ауғанстанды қоса алғанда, басқа мемлекеттердегі ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;
Семей полигонынан зардап шеккендерге өтемақы — зейнеткерлер мен жәрдемақы алушыларға;
Семей полигонынан зардап шеккендерге өтемақы — 1949–1990 жылдары жоғары қауіпті аймақтарда тұрғандарға;
жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына өтемақы;
қуғын-сүргінге ұшыраған зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік арнайы жәрдемақы;
I топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
II топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
III топтағы мүгедектігі бар адамдарға;
Байқоңырдағы жеті жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға.
Барлық 22 төлем республикалық бюджеттен қаржыландырылады.
«Мұқтаж ешбір қазақстандық қолдаусыз қалмайды, бұл — әлеуметтік саясаттың басты қағидаты», — деп атап өтті Ертаев.
Мұқтаждық қалай анықталады
Бұған дейін «Курсив» 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап отбасылардың мұқтаждығы кірістер, мүлік және үй шаруашылығының құрамы ескерілетін жаңа әдістеме бойынша бағаланатынын жазған. Өз санатын алдын ала тексеру үшін eGov және eGov Mobile-да әл-ауқат калькуляторын іске қосу жоспарлануда.
Сонымен қатар Еңбекминінің брифингінде журналистер министрдің өз отбасының санатын тексеруді ұсынды. Оның кірістері, отбасы мен мүлкі туралы мәліметтер енгізілгеннен кейін жүйе Ертаевты B санатына жатқызды.


