Британдық Duran Duran тобының негізін қалаған гитарисі Энди Тейлор 66-ға қараған шағында өмірден өтті. Оның әндері 1980-ші жылдардың хитіне айналған еді. Музыкант бірнеше жыл бойы төртінші сатыдағы қуық асты безінің қатерлі ісігімен күресіп келген, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
2018 жылы Тейлорға төртінші сатыдағы метастаздық қуық асты безінің қатерлі ісігі диагнозы қойылды. Ауруы туралы ол 2022 жылы көпшілікке ашық айтты. Ол кезде топ рок-н-ролл даңқ залына енуге дайындалып жатқан. Музыканттың отбасы оны тамаша жар, сүйіспеншілікке толы әке және мақтаныш тұтар ата деп атады. Туыстары оның үшін әрдайым бірінші орында болғанын атап өтті.
Тейлор Duran Duran тобына 1980 жылы қосылды. Оның қатысуымен топ Girls on Film және Rio хиттерін шығарып, әлемдік танымалдыққа қол жеткізді және британдық пен американдық чарттардағы табысын бекітті. 1985 жылы гитарист топтан уақытша кетіп, Power Station тобын құрды. Кейін Duran Duran-ға қайта оралып, Джеймс Бонд туралы A View to a Kill фильміне әуен жазды.
2006 жылы музыкант тағы да топтан кетті. Кейінгі жылдары ол жеке жобалармен айналысып, музыка жазды, продюсерлік жасады және басқа ұжымдармен бірге гастрольде жүрді. 2008 жылы Тейлор Wild Boy: My Life in Duran Duran атты естелік кітабын шығарды. Бұрынғы әріптестерімен қарым-қатынасы оңай болмаса да, ол араларында өшпенділік қалмағанын, бірлескен жұмысқа деген сүйіспеншілік пен құрмет сақталғанын айтқан.
Диагноз қойылғаннан кейін Тейлор музыканың аурумен күресуге және көңіл күйін сақтауға көмектескенін мойындады. «Мен өте бақыттымын, армандаған өмірімді өткердім. Бірақ емделмейтін ауруға байланысты пессимизммен күресуге маған дәл музыка көмектесті деп ойлаймын», — деген еді ол.


