Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының XXIV отырысы аясында съезд хатшылығының жетекшісі – вице-президент Ерлан Карин әлемдік діни ұйымдардың өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Тараптар алдағы отырыстың күн тәртібін, одан әрі ынтымақтастықты және болашақ іс-шараларға қатысуды талқылады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, Шейх-уль-ислам Аллахшукюр Пашазаде мырзамен кездесуде оның съездің қалыптасуына және дінаралық диалогтың дамуына қосқан көпжылдық жеке үлесі атап өтілді. Ерлан Карин оның бейбітшілік, өзара құрмет және келісім идеяларын ілгерілетудегі маңыздылығын атап көрсетті.
Әл-Азхардың жоғарғы имамының халықаралық ынтымақтастық жөніндегі кеңесшісі Абдулрахман Муса Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Әл-Азхардың жоғарғы имамының сәлемін және ізгі тілегін жеткізді. Әңгіме барысында Қазақстанның Әл-Азхармен ынтымақтастығын дамыту перспективалары, оның ішінде діни білім, ағарту және дінаралық диалог саласындағы мәселелер де талқыланды.
Дүниежүзілік ислам лигасының Бас хатшысының орынбасары Абдулрахман Абдулла Әл-Заидпен Лиганың съезге көпжылдық қатысуы және оның дінаралық диалогты дамытуға қосқан үлесі қарастырылды. Ерлан Карин форум қызметін және оның практикалық бастамаларын одан әрі қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Англикан қауымдастығы Бас хатшысының орынбасары, епископ Джо Бейли Уэллспен кездесуде қауымдастықтың съез жұмысына көпжылдық қатысуы және оның форумды дамытуға қосқан жеке үлесі атап өтілді. Сондай-ақ 2028 жылы Астанада өтетін IX съезге Кентербери архиепископы Сара Малаллидің қатысуына үміт білдірілді.
Шетелдік әңгімелесушілер Қазақстанды жаңа Конституцияның қабылдануымен де құттықтады.


