Қазақстанда отбасылардың әл-ауқатын бағалау кезінде жалақы, бизнестен түскен табыс, жәрдемақы мен алимент әртүрлі есепке алынады. Азаматтардың кредиттері мен басқа да қаржылық міндеттемелері де есепке қосылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Министрдің айтуынша, отбасының цифрлық картасында әрбір үй шаруашылығы мүшесіне жеке карточка қалыптастырылады. Онда әл-ауқат деңгейін анықтау үшін қажетті табыс, шығыс, мүлік және өзге де мәліметтер көрсетіледі.

Ертаев жүйе азаматтардың табысын бірнеше түрге бөлетінін түсіндірді. Жалақы мен бизнестен түскен пайда табыстың негізгі жолында көрсетіледі, ал мемлекеттік жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер мен алимент бөлек жазылады. Сонымен қатар отбасылардың түрлі санаты үшін мұндай түсімдер әртүрлі есепке алынады.

Обеспеченный деп саналатын А және В санатындағы отбасылар үшін жәрдемақы мен басқа да төлемдер әл-ауқатты бағалау кезінде жалпы табысқа қосылмайды. Жүйе ең алдымен олардың жалақысы мен бизнестен түскен табысын ескереді. Ал С, D және Е санаттары үшін әлеуметтік төлемдер, керісінше, отбасы табысына қосылады.

«Бұл — мұқтаж азаматтар болғандықтан, оларда бұл табысқа кіреді. Ал А мен В бойынша біз ең алдымен олардың бизнестен немесе жалақыдан түскен нақты табысын аламыз», — деп түсіндірді Ертаев.

Министрден отбасының қаржылық жағдайына айтарлықтай әсер етуі мүмкін кредиттер мен басқа да міндеттемелер туралы бөлек сұрады. Ертаев отбасының цифрлық картасында шығыс жолы қарастырылғанын хабарлады. Онда үй шаруашылығының кредиттері мен басқа да қаржылық міндеттемелері ескерілуі тиіс.

Алайда жүйенің бұл бөлігі әзірге толық көлемде жұмыс істемейді. Министрдің айтуынша, техникалық интеграция әлі аяқталмаған.

«1 желтоқсанда екінші деңгейдегі банктермен интеграцияны аяқтаймыз, содан кейін жұмысымыз жалғасады, нақтырақ мәліметтер болады», — деді ол.

Осылайша, кредиттерді есепке алу тетігін 2026 жылдың соңына қарай пысықтау жоспарлануда. Бұл ретте министр берешектің болуы отбасының қорытынды әл-ауқат санатына қаншалықты әсер ететінін нақтылаған жоқ.

Брифингте Ертаевтан азамат өз деректерін беруге келісім беруден бас тартса, не болатыны да сұралды. Министр заңнамада алушы қажетті келісімді бермесе, әлеуметтік төлемді уақытша тоқтата тұру қарастырылғанын мәлімдеді.

«Келісім берілмеген жағдайда әлеуметтік төлем тоқтатылады. Не себепті келіспейтіні анықталғанша уақытша тоқтатылады», — деді Ертаев.

Оның айтуынша, содан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері бас тарту себептерін жеке-жеке анықтап, төлем алушымен жағдайды талқылайды.