Эстония Ресейге қарсы Еуропа одағының 22-ші санкция пакетінің жобасынан ресейлік компания мен оған қатысы бар жеке тұлғаны алып тастауға қол жеткізді. Себебі еуропалық өнеркәсіп ресейлік кәсіпорын эстондық NPM Silmet компаниясына экспорттайтын сирек металдарға тәуелді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ақпаратты Эстонияның Брюссельдегі өкілдігінің баспасөз хатшысы Керстин Лепик растады. Оның айтуынша, Таллин ресейлік жеткізуші мен оған қатысы бар жеке тұлғаны санкция тізіміне уақытша қоспауды сұраған, өйткені жеткізілетін шикізат еуропалық экономика үшін стратегиялық маңызға ие. Алайда ресейлік компанияның атауы мен тізімнен шығарылған адамның есімі жарияланбады.
Ресейлік кәсіпорын сирек металдарды эстондық NPM Silmet компаниясына жеткізеді, ал ол оларды Еуропа одағының өнеркәсібінде одан әрі пайдалану үшін қайта өңдейді. NPM Silmet өнімі электромобиль, жел турбинасы, электроника өндірушілерге, сондай-ақ автомобиль және авиация өнеркәсібі кәсіпорындарына қажет. Осылайша, ресейлік жеткізушіге қарсы шектеулер еуропалық экономиканың бірнеше саласына әсер етуі мүмкін еді.
Эстония өкілдігінде NPM Silmet қазір Ресейден импорттайтын шикізаттың балама көздерін іздеп жатқанын атап өтті. Сонымен қатар ресейлік жеткізушіні санкция тізімінен алып тастау шектеулерден мүлдем бас тартуды білдірмейді. Лепиктің айтуынша, 2027 жылы Эстония компания мен оған қатысы бар адамды ЕО-ның санкция тізіміне қосу мәселесін қайта қарастырады.
7 қазанда Еуропа одағы елдерінің елшілері Ресейге қарсы жаңа санкция тізімін келісті. Жарияланған деректерге сәйкес, оған ресейлік әскери-өнеркәсіптік кешенге қатысы бар 743 жеке тұлға мен 826 компания енді. Елшілер келіскен санкция тізімі әлі ЕО Кеңесі деңгейінде бекітілуі тиіс. Шектеулер жақын күндері күшіне енеді деп болжануда.
ЕО-ның Ресейге қарсы алдыңғы, 21-ші санкция пакеті 2026 жылдың шілдесінде қабылданған. Оның негізгі мақсаттарының бірі Ресейдің мұнай экспортынан түсетін кірісін қысқарту болатын. Оған қоса, ресейлік «Бегет» хостинг-компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Александр Клюков енді. Ол сондай-ақ «Бегет Казахстан» компаниясының директоры әрі тең иесі.
Айта кетейік, Эстония ресейлік компанияны санкция тізімінен Ресей тарапынан ықтимал қауіпке байланысты өз қорғанысын нығайтып жатқан кезде алып тастауға қол жеткізді. Бұған дейін Financial Times газеті ел негізгі әскерлерін Ресей шекарасына жақын тұрақты орналасу орнына көшіріп жатқанын, сондай-ақ Ресей Федерациясының аумағына терең соққы бере алатын қару-жарақ сатып алып жатқанын хабарлаған.


