Эстония үкіметі 1 желтоқсаннан бастап Ресей Федерациясымен шекарадағы бес автомобиль өткізу пунктінің барлығын — Нарва-1, Нарва-2, Койдула, Лухамаа және Саатсе — жабуға шешім қабылдады. Шектеулер ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп мүддесі үшін енгізіліп отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бұл туралы елдің премьер-министрі Кристен Михал баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Оның айтуынша, алты айдан кейін үкімет енгізілген шектеулерді өзгерту қажет пе, жоқ па — соны бағалайды.

Үкімет басшысының сөзінше, бұл қадамға Ресейдің дұшпандық әрекеттері, соның ішінде қорғаныс кәсіпорындарына жасалған шабуылдар негіз болды. Соңғы оқиға ретінде ол 13 қарашада Украина үшін дрон шығаратын Threod Systems кәсіпорнын өртеуге әрекет жасалғанын атады.

Кристен Михалдың айтуынша, алдағы апталарда үкімет шекара маңы аймақтардың тұрғындары үшін жабылудың салдарын жеңілдету мақсатында Эстонияның оңтүстік-шығысында да, солтүстік-шығысында да не істеу керегін талқылайды.

Сыртқы істер министрі Маргус Цахкна баспасөз мәслихатында түсіндіргендей, үкіметтің шешімі адамдар мен көлік құралдарының автомобиль шекара өткелдері арқылы жүріп-тұруына қатысты және теміржол жүк тасымалына қосымша шектеулер қоймайды. Олар қолданыстағы шектеулер мен мүмкіндіктерге сәйкес және қатаң кедендік бақылаумен жүзеге асырылады, деп нақтылады министр.

Бұған дейін Эстония билігі Ресеймен шекара өткелдерін мерзімсіз жабу мүмкіндігін қарастырғаны хабарланған. Кейін Кремль Эстонияның Ресей Федерациясымен шекарадағы өткелдерді жабу жоспарларына жауап берді.

Еске салайық, бұған дейін Эстония қорғаныс министрі Мартин Херем ел Ресеймен шекарада 150 бункер салуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген.