Euronews-тің Әзірбайжандағы бюро жетекшісі және коммуникациялар жөніндегі аймақтық басшысы Надира Тюдор Қазақстан мен оның астанасында соңғы он жылда болған таңғаларлық өзгерістер туралы айтты. Ол өз бақылауларымен Astana Media Week 2026 аясында бөлісті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Халықаралық телеарна өкілінің айтуынша, ол Қазақстанға жиі келеді және әр келген сайын елдегі өзгерістерді байқайды.
«Мен Қазақстанға он жыл бойы келемін және осы уақыт ішінде керемет өзгерістерге куә болдым. Қала түбегейлі өзгерді, бұл шынымен таңғалдырады», – деді Надира Тюдор.
Ол биыл Қазақстанға үшінші рет келгенін қосты. Оған астананың келбетіндегі өзгерістер ғана емес, қазақстандықтардың даму мен жаңа технологияларға деген көзқарасы ерекше әсер етеді.
«Әр сапарым менде ең жақсы әсер қалдырады. Маған адамдардың дамуға деген ұмтылысы, олардың прогрессивті ойлауы және мұнда технология мен адам әлеуетінің үйлесуі ерекше ұнайды. Бұл шынымен тамаша», – деп атап өтті Euronews өкілі.
Надира Тюдор астанада 14-16 қазан аралығында өтіп жатқан мерейтойлық Astana Media Week 2026-ға қатысуда. Форум аясында ол жасанды интеллект дәуіріндегі медиасфераның трансформациясына арналған бірінші пленарлық дискуссияның модераторы болды.


