Eurostar компаниясы қызметкерлерінің кенеттен басталған ереуілі Париж бен Лондон арасындағы пойыз қатынасын тоқтатты. Оператор жолаушыларға сапарларын кейінге шегеруді ұсынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Eurostar компаниясының сайтында теміржолшылардың ереуілі туралы мәлімдеме жарияланды. «Бүгін ереуілге байланысты Лондонға және Лондоннан қатынайтын рейстеріміздің жұмысында үзілістер байқалады. Егер бүгін Парижге немесе Парижден сапарға шығуды жоспарлап отырсаңыз, оны басқа күнге ауыстыруды ұсынамыз», — деп жүгінді оператор өкілдері жолаушыларға.
Euronews мәліметінше, кемінде алты пойыз, оның ішінде Брюссельден шыққан бір рейс тоқтатылды. Тағы бес рейс кешіктірілді. Оператор ереуілдің басталғаны туралы тек түнде ғана хабардар болғанын мәлімдеді. Наразылық акциясына қатысушылардың қатарында машинистер мен менеджерлер бар. Басқа бағыттарда да одан әрі үзілістер мен кешігулер болуы мүмкін екені атап өтілді.
Айта кетейік, бұған дейін Бельгияда әуе қатынасында ауқымды үзілістер болғаны хабарланған. Онда әуе диспетчерлері ереуілге шыққан. Наразылық акциясын қатаң үнемдеу саясаты мен үкімет реформаларына қарсы шыққан кәсіподақтар ұйымдастырды.
Олар үкіметті бюджетті үнемдеудің негізгі ауыртпалығын жұмысшыларға, зейнеткерлерге және әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға артып отыр деп айыптайды.


