Қазақстанда танымал халықаралық брендтік киім сататын Farfetch платформасына қолжетімділік шектелді. Себебі — камералдық бақылау хабарламасының орындалмауы, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті түсіндіргендей, ведомство Қазақстанда қызмет жүргізетін шетелдік интернет-платформалардың салық төлеуін қамтамасыз ету жөніндегі жүйелі жұмысты жалғастырып келеді.

Салықтық әкімшілендіру қорытындысы бойынша қытайлық Pinduoduo компаниясы бюджетке 6,8 млрд теңге аударды. Сонымен қатар жасанды интеллект-ассистент Claude-ты әзірлеуші Anthropic, PBC компаниясы өткен салық кезеңдері үшін 1,2 млрд теңге төледі. Компания камералдық бақылау қорытындысы бойынша жіберілген хабарламаларды орындағаны атап өтіледі.

«Заңнамада шетелдік интернет-платформалар салық заңнамасының талаптарын орындамаған жағдайда, олардың интернет-ресурстарына қолжетімділікті шектеу мүмкіндігі қарастырылған. Осылайша, Комитет Ұлыбританияда тіркелген Farfetch платформасының операторына камералдық бақылау хабарламасын жіберді. Хабарлама орындалмағандықтан, Қазақстан аумағында Farfetch интернет-ресурсына қолжетімділік шектелді», — деді МКК-де.

Ведомствода бұл шаралар тиісті талаптарға сай келетін және Қазақстан бюджеті алдындағы салық міндеттемелерін орындамайтын барлық шетелдік интернет-платформаларға заңнамада белгіленген тәртіппен қолданылатынын қосты.