АҚШ-тың Филадельфия қаласында «Рокки» фильмінің 570 жанкүйері атақты кинобоксшының спорттық киімін киіп, жаңа Гиннесс әлемдік рекордын орнатты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Шара 13 қарашада Филадельфия көркемсурет мұражайының атақты баспалдағының жанында өтті. 1976 жылғы түпнұсқа фильмде Сильвестр Сталлоне сомдаған кейіпкер жаттығу кезінде осы баспалдақпен жүгіріп шығатын. Іс-шара кинофраншизаның бірінші бөлімінің шыққанына 50 жыл толуына орайластырылды. Суық ауа райы мен сіркіреген жаңбырға қарамастан, жанкүйерлер мұражай кіреберісіне жиналды.
Рекордты тіркеу үшін қатысушылар кинокейіпкердің киім үлгісін қатаң сақтауы керек еді: сұр капюшонды кофта, сұр спорттық шалбар, қара тоқылған бас киім және қара биік Converse кедісі. Гиннесс рекордтар кітабының өкілдері ең аз дегенде 250 адам деген шекті белгіледі, алайда алаңға 570 жанкүйер келді.
Рекорд ресми түрде расталған соң, боксшы бейнесіндегі қатысушылар мұражай баспалдағымен бірге жүгіріп шығып, Роккидің қола мүсінінің жанында ортақ суретке түсті. Фильмнің мерейтойына арналған мерекелік шаралар қалада 3 желтоқсанға дейін жалғасады. Бұл күн Филадельфияда ресми түрде Рокки күні ретінде атап өтіледі.


