Францияда шамамен 40 жыл бұрын төрт жасар қызының өліміне кінәлі деп танылған ата-анасы сот үкімімен жазаланды. Анасы 20 жылға, әкесі 15 жылға бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Франция орталығында өлтірілген төрт жасар қыздың денесі тас жолдың бойынан табылғанына ширек ғасырдан астам уақыт өтті. 72 жастағы Халима Эль Бахти сейсенбі күні «өлтіру ниетінсіз азаптау және жауыздық әрекеттер жасап, өлімге әкелу» бабы бойынша кінәлі деп танылды. Бұл туралы француз бұқаралық ақпарат құралдары жазды. Ал қыздың 74 жастағы әкесі Ахмед Тулубқа сыбайлас ретінде 15 жыл мерзім тағайындалды.
Төрт жасар Инасс Тулубтың денесі 1987 жылы 11 тамызда Луар және Шер департаментіне қарасты Сюэвр маңындағы A10 тас жолының бойынан табылған. Қыздың денесінде адам тістеген іздер, сынған сүйектер және үтікпен күйдірілген орындар сияқты көптеген зорлық белгілері болған. Ол денесі табылған жердің жанындағы белгісіз қабірге жерленді. Отыз жыл бойы жеке басы анықталмаған қыз «A10 тас жолының кішкентай шейіті» деген атпен белгілі болды.
Кейін 2018 жылы оның жеке басы анықталды: басқа іс бойынша тексерілген ағасының ДНҚ-сы қыздың ДНҚ-сымен сәйкес келді. Осыдан кейін оның ата-анасы ұсталды.
Сот процесі 2 қарашадан бастап Луар және Шер қылмыстық істер жөніндегі сотында өтті. Үкім сейсенбі күні бірнеше сағатқа созылған кеңестен кейін шығарылды.
Прокурор Анаис Аллио процесте «Инастың денесінің бірде-бір бөлігі аяусыз қалмағанын» атап өтіп, сот-медициналық сараптаманың «шыдауға болмайтын суреттерін» көргенде «барлығымызды бас айналдырған сезім билегенін» еске алды. Бұл туралы France Info хабарлады.
Алқабилер қыз қайтыс болған кезде анасының ойлау қабілеті бұзылған деген қорытындыға келді. Бұл жазаның ең жоғары мөлшерін қысқартты.
France Info басылымының мәліметінше, үкімнің негіздемесі оқылған кезде екі айыпталушы да сот алдындағы орындықта бастарын төмен иіп, сабырлы отырды.
Эль Бахти мен Тулубтың үкімге шағымдануға 10 күн уақыты бар.
Инастың өлімі Франция тарихындағы ең ауқымды тергеулердің біріне себеп болды. Қыздың суреті қоғамдық орындарға ілініп, 30-дан астам елге ескерту жіберілді.


