Францияның онлайн-платформаларында жаппай тәртіпсіздік кезінде тонаушылар ұрлаған заттарды сату туралы хабарландырулар жаппай пайда бола бастады. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Басылым дерегінше, Франциядағы тәртіпсіздік барысында ұрланған тауарларды сату туралы хабарландырулар желіде жаппай шыға бастаған. Мұндай хабарландыруларды көбінесе Vinted интернет-платформасының француз нұсқасына жариялайды.

«Vinted 17 қазанда ұрланған және тоналған заттарды сатудың ең үлкен арнасына айналды!» — деп жазады француздар.

Әлеуметтік желі қолданушылары интернетте косметикалық өнімдер, атап айтқанда жинақтар, сондай-ақ киім мен аяқ киім жаппай сатыла бастағанын атап өтеді. Сонымен қатар кейбір хабарландыруларда тауардың 17 қазандағы митингі барысында ұрланғаны ашық көрсетілген.

Францияның сауда министрі Серж Папен тәртіпсіздік барысында ұрланған тауарлардың кейбір онлайн-платформаларда сатыла бастағанын растады. Ол мұндай тәжірибені айыптап, мәселені шешу үшін осы сервистердің өкілдерімен кездесу өткізетінін мәлімдеді.

Еске салайық, қыркүйек айының соңында Францияны жоғары сынып оқушыларының наразылықтары қамтыған болатын. Парижде оқушылардың ірі демонстрациясы алдында өздігінен шыққан наразылық акциялары өтіп, олардың бірі полициямен қақтығыспен және көзден жас ағызатын газ қолданумен аяқталды.

Сондай-ақ ел президенті Эммануэль Макрон халыққа бейнеүндеу жазып алды. Францияда өмір сүру құнының өсуіне қарсы жаппай наразылықтарға қатысқан 2 мыңнан астам адам ұсталды. Бұл ретте кәсіпкерлер мен қала әкімдері ел бойынша болған тонаулардың салдары туралы айтып берді.

19 қазанда көптеген көркемдік және тарихи жәдігерлер сақталатын атақты Лувр мұражайы Париж көшелеріндегі наразылықтарға байланысты келушілер үшін жабылды.

Сонымен қатар елді қамтыған жаппай наразылықтарға байланысты кейбір француз қалаларының билігі коменданттық сағат енгізетіні белгілі болды.