Халықаралық зерттеушілер тобы ежелгі адамдар Иордан өзенінің аңғарын шамамен 1,9 миллион жыл бұрын мекендегенін анықтады. Бұл жаңалық адамзаттың Африкадан тыс жерлерге ерте қоныс аудару хронологиясы туралы түсінікті өзгертеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Сөз Иордан өзені аңғарында, Галилея теңізінің оңтүстігінде орналасқан Убейдия археологиялық ескерткіші туралы болып отыр. Дәл осы ескерткіш ғалымдарды адам бабаларының африкалық құрлықтан қалай және қашан шыққаны туралы бұрынғы ғылыми көзқарастарды қайта қарауға мәжбүр етті.

Иерусалимдегі Еврей университеті, Хайфа университеті және Талса университеті мамандарының бірлескен зерттеуі тұрақтың жасы кемінде 1,9 миллион жыл екенін көрсетті. Бұған дейін Убейдияның жасы жанама геологиялық салыстырулар негізінде 1,2-1,6 миллион жыл деп бағаланған болатын.

Нақты уақыт шеңберін анықтау үшін профессор Ари Матмон, Омри Барзилай және Мириам Белмакер басқарған халықаралық ғылыми топ үш тәуелсіз аналитикалық даталау әдісін біріктірді. Мамандар минералдардағы космогендік изотоптарды талдауды, Melanopsis тұщы су ұлуларының қазба қабыршақтарын уран-қорғасын әдісімен даталауды, сондай-ақ көлдің ежелгі түпкі шөгінділерін палеомагниттік зерттеуді қолданды.

Жаңа даталау Убейдияны Грузиядағы атақты Дманиси тұрағымен бір қатарға қояды. Осылайша екі нысан да адам бабаларының африкалық құрлықтан тыс жерде болғанының ең ежелгі дәлеліне айналады. Бұл ретте Убейдиядан ашель мәдениетінің тас балталары табылса, Дманисиде неғұрлым қарапайым олдувай құралдары пайдаланылған.

Бұл ежелгі гоминидтердің түрлі популяциялары Африкадан бір мезгілде бірнеше толқынмен шығып, өздерімен бірге тасты өңдеудің мүлде басқа дәстүрлерін алып жүргенін дәлелдейді.