Қазақстанда мемлекет басшысының тапсырмасымен Ішкі істер министрлігінің «Халық қаһарманы Ғазиз Байтасов» ведомстволық медалі тағайындалды. Құрмет пен ризашылық белгісі ретінде награданың алғашқы үлгісі батырдың жұбайы Гүлжамал Тәжиеваға табысталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
ІІМ ақпараттық медиапорталында мәлім еткендей, бұдан былай бұл медальмен қызметтік борышын өтеу кезінде ерлік пен батылдық танытқан ішкі істер органдарының қызметкерлері марапатталады.
«Халық жадында мәңгі қалатын ерлік... Полиция капитаны Ғазиз Байтасов өз өмірін құрбан етіп, бейбіт азаматтарды қорғап қалды, ол ерекше батылдық, жанқиярлық және қызметтік борышқа адалдық танытты. Оның ерлік ісі Қазақстан тарихына мәңгі жазылып, Отанға адал қызмет етудің үлгісі болып қалады», — деп атап өтті ІІМ-де.
Еске салайық, 2011 жылы 12 қарашада полиция капитаны Ғазиз Байтасов қаруланған қылмыскерді ұстауға әрекет жасаған, нәтижесінде екеуінің арасында атыс болды. Байтасов қылмыскерге екі рет оқ тигізді. Оқиға салдарынан қылмыскер де, капитан да көз жұмды. Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Байтасов қайтыс болғаннан кейін «Халық қаһарманы» орденімен марапатталды.


