Geely-дің Қазақстандағы ресми дистрибьюторы жаңа Atlas құнын жариялады. 2 литрлік турбомоторы және 8 сатылы автоматы бар толық жетекті кроссовер үш нұсқада ұсынылады, бастапқы бағасы 12,9 млн теңге, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұл — модельдің жаңа буыны. Дегенмен Atlas-тың бұрынғы зауыттық индексі сақталған, CMA платформасы мен 2777 мм дөңгелек базасы өзгерген жоқ. Қытайда бұл көлік Geely Boyue L деген атаумен танымал.
Сыртқы келбеті айтарлықтай өзгерді. Алдыңғы жағында үлкен радиатор торы, жаңа бампер және шанақтың бүкіл енін кесіп өтетін жарық жолағы пайда болды. Кроссовердің ұзындығы 4706 мм-ге жетті.
Салон да қайта жасалды. Жүргізушінің алдында 10,2 дюймдік цифрлық аспаптар тақтасы, ал ортасында 15,4 дюймдік мультимедиа экраны орналасқан.
Қазақстандық Atlas үшін бір ғана қуат қондырғысы мәлімделген – қуаты 245 а.к. және айналдыру моменті 380 Нм болатын 2 литрлік турбомотор. Ол Aisin-нің 8 сатылы автоматымен және толық жетегімен жұптасады. «Жүзге» дейін жүгіру 7,9 секунд алады.
Ең қолжетімді Atlas Premium нұсқасында 12,9 млн теңге тұрады. Жабдықталуына 19 дюймдік дөңгелектер, тесілген жасанды былғары, жүргізуші орындығының электр жетегі, алдыңғы және артқы орындықтарды жылыту, руль мен алдыңғы әйнекті жылыту, багажник есігінің электр жетегі және 360 градустық айналма шолу кіреді.
Flagship нұсқасы 13,5 млн теңге тұрады. Қосымша ақыға панорамалық шатыр, алдыңғы орындықтарды желдету, жүргізуші орындығының жады, екі аймақтық климат-бақылау, 16 динамигі бар Flyme Sound аудиожүйесі және проекциялық дисплей беріледі. Сондай-ақ электрондық көмекшілер жиынтығы кеңейтілген.
Топтық Exclusive үшін тағы 300 мың теңге қосуға тура келеді. Оның басты сыртқы ерекшелігі – 20 дюймдік дискілер және қара өңдеу элементтері бар екі түсті шанақ бояуы.
Бұған дейін Курсив Авто Geely өз брендтерінің көліктерін көршілес Қырғызстанда шығаруды жолға қоюы мүмкін екенін жазған болатын.


