Астанада Қазақстан Ұлттық олимпиадалық комитетінің Бас ассамблеясы өтті. Онда ұйымның 2024–2026 жылдардағы жұмысы қорытындыланып, отандық спортты одан әрі дамыту бағыттары белгіленді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жиналысқа Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев, ҰОК бас хатшысы Әлімжан Ақаев, Атқарушы комитет мүшелері және ұлттық спорт федерацияларының өкілдері қатысты.

Геннадий Головкин ұйымның 2024 жылдың ақпанында ҰОК президенті болып сайланғаннан бергі жұмыс нәтижелері туралы айтты. Осы уақыт ішінде комитет қазақстандық делегациялардың тоғыз кешенді халықаралық жарысқа қатысуын ұйымдастырып қамтамасыз етті.

Сонымен қатар Қазақстан халықаралық спорт алаңындағы позициясын нығайтты. Бүгінде 50 отандық маман халықаралық және азиялық спорт ұйымдарында 58 лауазымды атқарады.

Жұмыстың маңызды бағыттарының бірі — Қазақстанға ірі халықаралық жарыстарды тарту болды. 2027 жылы ел бокс, дзюдо, үстел теннисі және таеквондо бойынша әлем чемпионаттарын, шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын, сондай-ақ мәнерлеп сырғанаудан төрт құрлық чемпионатын қабылдайды.

Жиналыста Алматыда өтетін 2029 жылғы қысқы Азия ойындарына дайындыққа ерекше көңіл бөлінді.

«Мемлекеттік органдармен, федерациялармен және ұйымдастырушылармен бірлесіп, бұл ойындарды табысты өткізіп қана қоймай, олардың ұзақ мерзімді мұрасын қамтамасыз ету қажет: қысқы спорт түрлерін дамыту, мамандар даярлау және инфрақұрылымды тиімді пайдалану», – деп атап өтті Головкин.

ҰОК президенті Лос-Анджелесте өтетін 2028 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына дайындық басымдықтарын да белгіледі. 2027 жылдың басында олимпиадалық іріктеудің маңызды кезеңі басталады, оның аясында комитет спорт федерацияларын қолдауды жалғастырады. Бұдан бөлек, АҚШ-тағы Олимпиада кезінде Қазақстан үйін ашу мүмкіндігі қарастырылуда.

Бас ассамблея барысында ұйым жарғысына енгізілген өзгерістер, 2025 жылғы қаржылық есептілік және 2024–2025 жылдардағы Тексеру комиссиясының есебі бекітілді. Қаржылық-шаруашылық қызметті тексеру қорытындысы бойынша елеулі бұзушылықтар анықталған жоқ.

Жиналыстың тағы бір шешімі — Қазақстан сквош федерациясын ҰОК мүшелері қатарына қосу болды. Айта кетейік, бұл спорт түрі 2028 жылы Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарының бағдарламасында алғаш рет ұсынылады.

Іс-шара марапаттау рәсімімен аяқталды: Геннадий Головкин қазақстандық спорт пен олимпиадалық қозғалысты дамытуға қосқан үлесі үшін наградалар табыс етті. Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиадалық комитетінің жоғары наградасы – ҰОК орденімен 2026 жылы ел тарихында тұңғыш рет мәнерлеп сырғанаудан олимпиада чемпионы атанған Михаил Шайдоров марапатталды.