Йеменнің солтүстігінде билік жүргізіп отырған «Ансар Алла» қозғалысы (хуситтер) Эр-Риядтағы Сауд Арабиясы Қорғаныс министрлігінің ғимаратына дәл соққы жасағанын хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
РИА Новостидің мәліметінше, Al Masirah телеарнасының эфирінде хуситтер қарулы күштерінің өкілі Яхья Сариа соңғы 48 сағатта төрт әскери операция жүргізілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл кезде йемендік баллистикалық зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылған.
«Бірінші операция саудтық қарсыластың астанасы — Эр-Риядтағы Қорғаныс министрлігінің ғимаратына қарсы бағытталды. Соққы дәл болды», — деді Яхья Сариа.
Оның айтуынша, қалған операциялар патшалықтың батысындағы Янбу қаласындағы мұнай-газ компаниясының нысанына, сондай-ақ Даммам мен Абхадағы халықаралық әуежайларға қарсы бағытталған. Әлеуметтік желілерде соққы жасалған жерлерден түсірілген кадрлар жарияланып жатыр. Алайда Сауд Арабиясы билігі Қорғаныс министрлігіне жасалған шабуылды әзірге растаған жоқ.
Бұған дейін Сауд Арабиясының Даммам қаласындағы әуежайға шабуыл жасалып, салдарынан бір адам қаза тапқаны хабарланған. Тағы сегіз адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды. Одан бұрын, 11 қазанда Эр-Риядтағы король Халид атындағы халықаралық әуежайға жасалған шабуылдан кемінде 12 адам қаза тауып, тағы 309 адам жарақат алған. Ал 14 қазанда бірқатар араб елінің әуекомпаниялары хуситтердің астаналық әуежайға жасаған шабуылдарынан кейін Сауд Арабиясына рейстерін тоқтатты немесе жойды.
Айта кетейік, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі хуситтердің Сауд Арабиясының азаматтық нысандарына жасаған, адам шығынына әкелген шабуылдарын қатаң айыптады.


