«Оңай жолмен» қосымша табыс табуға деген ұмтылыс қылмыстық іспен аяқталуы мүмкін. Бұл туралы қазақстандықтарды Ішкі істер министрлігі ескертті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ведомствода азаматтарға банк карталарын беруді немесе өз шотына түскен ақшаны басқа адамдарға аударуды ұсынатын қылмыстық схема туралы айтылды. Мұндай әрекеттер үшін алаяқтар сыйақы уәде етеді. Алайда министрлік атап өткендей, осылайша қылмыскерлер дропперлерді — қылмыстық жолмен алынған ақшаны аударуға және қолма-қол ақшаға айналдыруға көмектесетін адамдарды — өз схемаларына тартады.

«Мәселен, Абай облысында жыл басынан бері дропперлікке қатысты 40 қылмыстық іс тіркеліп, 9 адам сотталды. Бұл деректер күмәнді қаржылық операцияларға қатысудың нақты құқықтық салдарға әкеп соғатынын көрсетеді. Сондықтан «оңай табыс» туралы ұсыныстарға сақтықпен қарау керек», — деді ведомствода.

Полиция ескертеді: бөгде адамдарға банк карталарын, мобильді банкингке қолжетімділікті, жеке деректерді және SMS-кодтарды беруге болмайды. Таныс емес адамдардың ақшасын сыйақы үшін аударуға келісуге де болмайды.

«Егер банк шотыңыз заңсыз операциялар үшін пайдаланылып жатқанын байқасаңыз немесе оған қолжетімділікті басқа адамға беріп қойсаңыз, дереу банкке және полицияға «102» нөмірі арқылы хабарласыңыз», — деп ескертті қазақстандықтарға.