Қазақстан Ішкі істер министрлігі жүргізушілерді микроұйқы қаупінен сақтандырды. Бұл — адамның рульде отырып, санасы бір сәтке сөніп, көлік бақылауынан шығып кететін құбылыс. Тиісті хабарламаны ведомство өзінің ресми Telegram-арнасында жариялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

«Қолыңыз рульде, көзіңіз жолда, бірақ бір сәтте ми бірнеше секундқа сөніп қалады. Бұл — микроұйқы, яғни жүргізуші көлік бақылауынан айырылатын қысқа ұйқы. 100 км/сағ жылдамдықта небәрі 3 секундта көлік жүргізушінің бақылауынсыз шамамен 83 метр жүріп өтеді. Осы уақытта қайғылы оқиға болуы мүмкін. Ең қауіптісі — микроұйқы жүргізушінің өзіне байқалмай келуі мүмкін. Кофе, қатты музыка және ашық терезе шаршауды кетірмейді», — деп атап өтті полицияда.

ІІМ рульдегі ұйқышылдықтың белгілерін атады: қабақтың ауырлауы, жиі есінеу, зейіннің төмендеуі және реакцияның баяулауы.

«Осы белгілерді байқасаңыз, қауіпсіз жерде тоқтап, демалыңыз. Ұйқышылдықты жеңуге тырыспаңыз — бұл өмірге қауіпті», — деді ведомствода.

Полиция сондай-ақ қазақстандықтарды шаршаған күйде рульге отырмауға, жолға шығар алдында демалып алуға, еңбек және демалыс режимін сақтауға және жолда аялдама жасауға шақырды.