Қазақстан Ішкі істер министрлігі отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған адамдарды қолдауға бағытталған «Біз жаныңдамыз. Бізден сұраңыз» республикалық акциясының басталғанын хабарлады. Бастама аясында азаматтар заңдық кеңес пен қолдау ала алады, сондай-ақ өмірі мен денсаулығына төнген қауіп туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің Threads әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасы арқылы хабарлай алады, деп жазады infohub.kz сайты.
Көмекке тек зардап шеккендер ғана емес, зорлық-зомбылықтың куәгерлері де жүгіне алады. Акция әртүрлі себептермен полицияға баруға батылы бармайтын, бірақ заңдық кеңес қажет ететін азаматтарға да арналған.
Ведомство түсіндіргендей, кез келген адам өз өтінішін ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің Threads-тегі ресми парақшасында қалдырып, мамандардың кеңесі мен түсіндірмесін ала алады. Өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда ақпарат қажетті ден қою шараларын қолдану үшін аумақтық полиция бөлімшелеріне жедел жеткізіледі.
Көмектің қолжетімділігіне ерекше көңіл бөлінген. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін республика бойынша өзекті сенім телефондары, дағдарыс орталықтары мен қолдау қызметтерінің байланыс деректері жинақталған ақпараттық ресурсқа арнайы сілтеме қарастырылған. Сілтемеге өткен әрбір азамат өз өңіріндегі қажетті байланыстарды тауып, кеңес, психологиялық, заңдық немесе өзге де қолдау үшін қайда жүгіну керектігін біле алады.
Акцияға мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, дағдарыс орталықтары мен отбасын қолдау орталықтары да қосылады. Олар өз құзыреті шегінде келіп түскен мәселелерді шешуге көмектеседі.
ІІМ азаматтарды зорлық-зомбылық жағдайларына бейжай қарамауға және өзіне немесе айналасындағыларға көмек қажет болса, оған жүгінуге шақырды.


