Қазақстандықтарға шетелден әкелінген смартфондарды тіркеу рәсімі жеңілдетілді. Енді IMEI верификациясы кезінде қосымша құжаттарды өз бетінше жинаудың қажеті жоқ: жүйе шекарадан өту туралы мәліметтерді қоса алғанда, барлық қажетті деректерді автоматты түрде тексереді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұрын телефонның заңды әкелілгенін растау үшін өтініш берушілер қосымша мәліметтерді басқа ресурстардан алуға мәжбүр болған. Енді ақпарат мемлекеттік дерекқорлардан тікелей келіп түседі.
IMEI верификациясы ең алдымен шетелден смартфонды өз бетінше сатып алып, елге әкелетін қазақстандықтарға қатысты. Сондай-ақ рәсім мобильді құрылғыларды импорттаушыларға да қарастырылған.
IMEI тексерудің жаңа ережелері Қазақстанда 2025 жылғы 25 наурызда күшіне енді. Осы күнге дейін қазақстандық мобильді желілерде пайдаланылған және тіркелген телефондарды қайта верификациялаудың қажеті жоқ.
Егер жаңа телефон «сұр тізімге» енсе, оның заңды әкелілгенін растау үшін 30 күн беріледі. Тексеруден өтпесе, құрылғы қазақстандық мобильді желілерден ажыратылуы мүмкін.
Өтінішті eGov Mobile қосымшасы немесе portal.imei.gov.kz порталы арқылы беруге болады.
eGov Mobile-да «Танымал қызметтер» бөлімін ашып, «IMEI верификациясына өтініш» таңдап, дербес деректерді өңдеуге келісім беру қажет. Содан кейін Digital ID арқылы биометриялық сәйкестендіруден өтіп, шарттармен танысып, қолайлы өтініш нұсқасын таңдау керек.
Жеке басты растау үшін бейнесәйкестендіру қарастырылған.
Бұған дейін «Курсив» 20 тамыздан бастап Қазақстанда верификацияланбаған құрылғыларды сатуға тыйым салынғанын, ал сатушылар сатып алушыға құрылғының IMEI кодын алдын ала хабарлауға міндетті екенін жазған болатын.


