Қазақстанның түрлі өңірінен алты әйел Instagram әлеуметтік желісі арқылы Тараздық кәсіпкерден киім сатып алды. Алайда тауар олардың көңілінен шықпады: бір сатып алушыға өлшемі, екіншісіне түсі сәйкес келмеді, ал кейбіреуіне тапсырысқа сай емес заттар жеткізілді. Сатушы ақшаны қайтаруға асықпады, сондықтан әйелдер өз құқықтарын қорғауға жүгінді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің түсіндіруінше, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14 және 30-баптарына сәйкес сатып алушы тиісті сапалы азық-түлік емес тауарды 14 күн ішінде басқа өлшемдегі, пішіндегі немесе түстегі ұқсас тауарға айырбастауға, ал айырбастауға лайық тауар болмаған жағдайда оны қайтаруға құқылы. Бұл ретте заңда белгіленген қайтару шарттары сақталуы тиіс, оның ішінде тауардың сыртқы түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары мен затбелгілері сақталуы керек.

Алты тұтынушының барлығы қайтарылатын киімді сатушыға өз бетінше жіберді. Кәсіпкер сәлемдемелерді алды, бірақ сатып алушыларға ақшаны қайтармады, деп хабарлады комитетте.

Содан кейін әйелдер E-Otinish ақпараттық жүйесі арқылы Жамбыл облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне өтініш жолдады. Шағымдар бойынша шағын кәсіпкерлік субъектісіне қатысты төрт жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, тұтынушылардың дәлелдері расталды.

«Қабылданған шаралардың нәтижесінде кәсіпкер алты өтініш берушінің барлығына қайтарылған тауарлар үшін ақшасын қайтарды. Қайтарылған соманың жалпы мөлшері 469 900 теңгені құрады», — деп атап өтті комитетте.

Департамент еске салады: интернет-дүкендер мен әлеуметтік желілер арқылы тауар сатып алғанда тұтынушылар кәдімгі дүкендерден сатып алу кезіндегідей құқықтарға ие. Сатушылар заңнама талаптарын сақтауға және сатып алушылардың тауарды айырбастау мен қайтару туралы заңды талаптарын уақтылы қарауға міндетті.