Иранда газ өңдеу кәсіпорнының жұмысшылары отырған автобус аударылып, 12 адам қаза тапты, тағы 15 адам жарақат алды. Апат Дешт-Аббас ауданы мен Мурмури қаласының арасындағы қалааралық тас жолда болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Анадолу» агенттігінің мәліметінше, көлікте Дехлоран ауданындағы NGL газ өңдеу және мұнай-химия кәсіпорнының қызметкерлері болған, олардың көбісі Абданан ауданының тұрғындары. Автобуста барлығы 27 жұмысшы мен жүргізуші болған.
Жергілікті Fars агенттігі Ілам провинциясындағы Абадан денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап хабарлағандай, автобустың аударылуының нақты себептерін арнайы комиссия анықтап жатыр. Оқиға сенбі күні кешке Ілам провинциясындағы Дешт-Аббас пен Мурмури арасындағы жолда, Иран мен Ирак шекарасына жақын жерде болды.
Абданан ауданының әкімі Бехзад Нурмохаммади IRNA мемлекеттік ақпарат агенттігіне үш жолаушының медициналық мекемелерге жеткізілгеннен кейін қаза тапқанын, соның салдарынан құрбандар саны 12-ге жеткенін мәлімдеді. Ол бірнеше зардап шегушінің жағдайы ауыр болғандықтан, қаза тапқандар саны артуы мүмкін екенін ескертті.
Алдын ала деректерге сәйкес, апатқа ескірген автобусты пайдалану себеп болуы мүмкін. Барлық зардап шегуші ауруханаға жатқызылды, оқиғаның мән-жайын тергеу жалғасуда.


