Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік және сыртқы саясат жөніндегі комиссия мүшесі Феда-Хосейн Малеки Тегеранның Таяу Шығыс елдеріне ультиматум жолдағанын мәлімдеді. Онда Иран мен АҚШ арасындағы соғыс қайта басталса, олардан Америка Құрама Штаттарын қолдаудан бас тарту талап етіледі, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

РИА Новости жариялаған мәліметке сүйенсек, парламентарий бұл ескертудің аймақ мемлекеттеріне жеткізілгенін айтқан. «Аймақ елдеріне ультиматум тапсырылды — АҚШ-ты кез келген қолдаудан бас тарту керек. 40 күндік соғыс кезінде біз АҚШ Иранға шабуыл жасау үшін пайдаланған кез келген елдің аумағындағы базаларға соққы бердік», — деді Малеки басылым тілшілеріне.

Ол сондай-ақ әскери қимылдар қайта басталған жағдайда Тегеран аймақтағы, атап айтқанда араб мемлекеттерінің қайсысы Вашингтонды қолдауға бейім екенін анықтай алатынын атап өтті.

«Ондай жағдайда Иранның шешімдері осы елдердің әскери базаларына соққы берумен шектелмей, олардың өзі дұшпан мемлекет ретінде бағалануы мүмкін», — деп ескертті иран парламентінің өкілі.