Халықаралық биологтар тобы ірі ДНҚ-вирустардың бұрын белгісіз Egovirales отрядын анықтады. Бұл вирустар адам мен жануарлардағы поксвирустардың эволюциялық жағынан ең жақын туыстары саналады. Әлемде шамамен 180 миллион адам осы бұрын белгісіз ішек вирустарының тасымалдаушысы болуы мүмкін, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұл тұжырымға Париж-Сакле университеті, Францияның Ғылыми зерттеулер ұлттық орталығы (CNRS), Цюрихтің Швейцария жоғары техникалық мектебі (ETH Zürich), Пастер институты және АҚШ Ұлттық денсаулық сақтау институттарының халықаралық зерттеушілер тобы келді. Жұмыс нәтижелері Nature ғылыми журналында жарияланды.
Белгісіз микроорганизмдерді іздеу үшін ғалымдар қоршаған орта үлгілері мен микробиомдардан алынған 85 мыңнан астам метагеномдық жинақты талдап, сондай-ақ ішектің 11 788 метагеномын тексерді. Биологтар вирустардың жаңа тобының 12 толық геномын қалпына келтірді. Олар эговирустар деп аталып, жеке Egovirales отрядына бөлінді.
Олардың генетикалық маркерлері зерттелген адам ішегі үлгілерінің 2,3 пайызынан, сондай-ақ үй малдары мен жабайы сүтқоректілерден табылды: буйволдардың 26 пайызы, ешкілердің 14 пайызы, шошқа мен тауықтардың 11 пайызы, сиырлардың, лемурлардың, павиандардың және мүйізтұмсықтардың 8 пайызы.
Эговирустардың бір тармағы Жер халқының бір пайыздан астамында кездеседі және организмде шамамен бір жыл сақтала алады. Бұл оның микробиомда тұрақты болатынын көрсетеді. Авторлардың пікірінше, шамамен 700 миллион жыл бұрын эговирустар мен поксвирустардың ортақ арғы тегі ежелгі жануарлардың ас қорыту жолындағы бір жасушалы эукариоттарды зақымдаған. Кейіннен поксвирустар қожайын жасушаларына ене білді.


