Испанияда тұрғын үй дағдарысына қарсы наразылық қозғалысының ұлттық символына айналған зейнеткер Мария дель Кармен Абаскаль, яғни Марикармен 87 жасында өмірден өтті. Оның қайтыс болғанын El Mundo газетасы хабарлады, деп жазады infohub.kz.
Әйел 2026 жылдың қыркүйек айының соңында Мадридтің беделді Ретиро ауданындағы пәтерінен зорлықпен, носилкамен шығарылған соң көп ұзамай көз жұмды. Марикармен бұл үйде 1956 жылдан, яғни 17 жасынан бастап тұрған: әуелі тұрғын үйді әкесі жалдаған, ата-анасы қайтыс болған соң келісімшарт оған ауысқан.
Шетелдік БАҚ-тың мәліметінше, 2018 жылы ғимаратты инвестициялық компания сатып алып, кейін жалдау ақысын айына 2500 еуроға дейін көтерген. Зейнеткер үшін бұл сома көтере алмастай ауыр болып, көпжылдық сот таласына әкелген. Соңғы 10 жылда әйел барлығы 4 рет шығарылу әрекетіне тап болған. 2026 жылдың 23 қыркүйегінде белсенділердің наразылығына қарамастан, полиция әйелді пәтерден носилкамен күштеп шығарды, содан кейін ол ауруханаға жатқызылды.
Осы оқиғалар аясында 26 қыркүйекте Мадридте үлкен митинг өтті. Акцияға қатысушылар тұрғын үй дағдарысын тежеу үшін тиімді шаралар қабылдауды талап етті. Митингтен кейін жүздеген адам астананың орталық алаңында шатыр лагерін тікті. Кейін Абаскаль үйді иеленетін компаниямен келісімге келген соң өз баспанасына қайта орала алатыны белгілі болды.
Алайда ол онда қайта оралуға үлгермеді. Ауруханада жатқан зейнеткер белсенділерге арнаған соңғы бейнеүндеуінде: «Күресіңдер!» — деп шақырды.
Мадридтен кейін елдің басқа қалаларында да осындай акциялар ұйымдастырылды.
Бұған дейін «Курсив» Испанияда ауыр тұрғын үй дағдарысына байланысты жаппай наразылықтар мен полициямен қақтығыстар басталғанын жазған. 50-ден астам қаланың көшелеріне ондаған мың адам шықты.


