Израиль әскері басып алынған Батыс жағалаудағы операция барысында 14 жастағы палестиналық баланы атып өлтірді. Бұл туралы Палестина денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Палестина денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Моатаз Дағлас дүйсенбі күні кешке Наблус қаласының солтүстік-батысындағы Бурқа ауылында қаза тапқан.

Израиль әскери ведомствосының хабарлауынша, әскерлер бұған дейін израильдік көліктерге тас лақтырылған аумақта «тас лақтырмақ болған бірнеше террористі» анықтаған. Сарбаздар оларға «қауіпті жою үшін» оқ ашқан.

Палестиналық Қызыл Жарты Ай қоғамының мәліметінше, оның топтары оқ тиген екі адамға көмек көрсеткен, алайда израильдік күштер үшінші жаралыға жетуге кедергі жасап, үш ерікті фельдшерді ұстап алған.

Моатаз Дағластың туыстары израильдік билік оның денесін бермей отырғанын айтқан.

Сонымен қатар Палестинаның Уафа ақпарат агенттігі рейд кезінде жараланған екі палестиналықтың бірі — іші мен жамбасына оқ тиген 17 жастағы бала, екіншісі — қолына оқ тиген 19 жастағы жігіт екенін анықтаған.

Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, жыл басынан бері Батыс жағалауда израильдік күштер немесе қоныстанушылар кемінде 98 палестиналықты, оның ішінде 22 баланы өлтірген. Сол кезеңде палестиналықтар Батыс жағалауда алты израильдікті — қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері мен азаматтық тұлғаларды — өлтірген.

Ақпаратқа сәйкес, 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС бастаған қарулы шабуылдардан кейін израильдік күштердің ұрыс жүргізу ережелері кеңейтіліп, сарбаздарға қауіп деп танылған жағдайда өлімге әкелетін күш қолдануға кеңірек ерік берілген.

Маусым айында БҰҰ-ның басып алынған Палестина аумағындағы Адам құқықтары жөніндегі басқармасы сол уақыттан бері Батыс жағалауда израильдік қауіпсіздік күштері мен қоныстанушылар 241 палестиналық баланы өлтіргенін растағанын мәлімдеген. Тексеру қорытындысы бойынша, қаза тапқандардың көбі жасөспірім ұлдар болған, көп жағдайда израильдік билік оларды тас лақтырды деп айыптап, соны негіздеме ретінде келтірген.

БҰҰ басқармасы израильдік күштермен қақтығыс кезінде қаза тапқан балалардың ешқайсысы өмірге тікелей қауіп төндірмеген деген қорытындыға келген. Оның айтуынша, халықаралық құқық бойынша Батыс жағалауда өлімге әкелетін күш қолданудың жалғыз заңды негіздемесі — осы.