Калифорния штатының Санта-Барбара қаласында өткен жарты марафоннан кейін 27 адам медициналық көмекке жүгінді. Осыған байланысты полиция тергеу бастады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Би-би-си арнасының америкалық серіктесі Си-би-эс ньюс-қа берген мәлімдемесінде тәртіп сақшылары Санта-Барбара Коттедж ауруханасынан жарыс аяқталған соң «әдеттен тыс белгілермен» емделуге келген қатысушылар туралы хабарлама түскенін айтты. «Бұл белгілердің себебі әзірге расталған жоқ», — делінген мәлімдемеде.

Аурухананы басқаратын Коттедж Хелс компаниясы Си-би-эс-ке жарысқа қатысқандардан «күтілгеннен әлдеқайда көп жедел жәрдем шақыртуы» түскенін мәлімдеді. «Қазіргі таңда халыққа нақты бір шара қолдану ұсынылмайды. Алайда өзін нашар сезінген қатысушылар медициналық көмекке жүгініп, дәрігерлердің нұсқауына сүйенуі керек», — деді полиция өкілдері.

Коттедж ауруханасы жарты марафонға қатысқан 27 адамды Санта-Барбара мен жақын маңдағы Голета қаласындағы жедел жәрдем бөлімшелерінде емдегенін хабарлады. Олардың басым көпшілігі — 24 адам — емделуден кейін үйлеріне шығарылды. Үшеуі дүйсенбі күні де ауруханада жатқанымен, жағдайы тұрақты.

Жарты марафонға бірнеше мың адам Тынық мұхитының жағалауындағы Санта-Барбарада әдеттегіден ыстық күні жүгірді. Ақпаратқа сәйкес, түс ауа ауа температурасы 86 градус Фаренгейтке (27 градус Цельсий) жеткен, ал қараша айының басында әдеттегі температура 70-тен сәл жоғары болып келеді.

Ауруханаға түскен жүгірушілердің бірі жергілікті КЕЙТИ-ТИ-ВИ телеарнасына есінен танып қалғанын, жарыстың кейбір сәттерін есіне түсіре алмайтынын айтты. «Бұл өте күдікті», — деді есімін жасырған жүгіруші. «Кейбіреулер елес көргенін айтты».

«Мен ыстықтан әлсіреу дегенді жақсы білмеймін, бірақ жүгірудің ұзақ бөлігін есіне түсіре алмаған адамды бұрын-соңды көрмеппін», — деп қосты ол.

Жарыс директоры Дэвид Монико америкалық бұқаралық ақпарат құралдарына 15 адамның сусыздану мен қызып кету салдарынан медициналық шатырдан жергілікті ауруханаларға жеткізілгенін айтты.

Би-би-си Санта-Барбара полиция департаментіне, Коттедж Хелс компаниясына және жарты марафон ұйымдастырушыларына қосымша түсініктеме алу үшін хабарласты.