Канада полициясы ұрланған сәнді көліктерді Батыс Африкаға жөнелткен қылмыстық желіге қатысы бар деген күдікпен 12 адамды ұстады. Оның сегізі — Нигерия азаматтары. Тергеу барысында құқық қорғау органдары 96 қымбат көлікті тапты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Онтарио провинциясының Пил аймағындағы полиция қызметінің мәліметінше, ұрланған көліктер жүк контейнерлеріне жасырылып, канадалық порттар арқылы экспортқа дайындалған. Олардың жалпы құны 4,5 миллион долларды (3,4 миллион фунт стерлинг) құрайды.
Солтүстік Америка мен Еуропадан Африка елдеріне көлік тасымалдау құқық қорғау органдарын бұрыннан алаңдатып келе жатқан мәселе. Күдіктілерге 231 айып тағылды, кейбіреулеріне ұстауға санкция шығарылған. Полицияның айтуынша, кейбір айыпталушылар қылмыстық іс аяқталған соң елден шығарылуы мүмкін.
Ұстаулар полиция «ауқымды тергеу» деп атаған бірнеше айлық жұмыстың нәтижесінде жүргізілді. Тергеу наурыз айында Канаданың шекара қызметімен бірлесіп басталып, полиция ұрланған көліктерді сақтауға пайдаланылған қойманы анықтаған.
Тергеушілердің болжамынша, желіні ұрлықты, тасымалдауды және экспортты үйлестірген бес адам басқарған, қалғандары қосалқы рөл атқарған.
«Тергеушілер желіні тиеу орындарымен, контейнерлердің қозғалысымен және қайта өзгертілген сәйкестендіру нөмірі бар ұрланған көліктерді тасымалдаумен байланыстырды», — делінген полиция хабарламасында.
Көліктің сәйкестендіру нөмірін (VIN) өзгерту — көліктің шығу тегін жасырып, ізін суытпақ болған заңсыз әрекет.
Канада билігі ұйымдасқан көлік ұрлығын өсіп келе жатқан қауіп деп бағалап, оны ірі қылмыстық желілермен байланыстырады.
«Ұйымдасқан көлік ұрлығы — трансұлттық топтар жүргізетін жыртқыш бизнес моделі. Ол отбасыларды үрейге салып, басқа да қылмыстық кәсіпорындарды қаржыландырады», — деді Пил аймақтық полициясы бастығының орынбасары Ник Милинович.
Өткен жылы Интерпол Канада мен Еуропа елдерінен ұрланған 100-ден астам сәнді көліктің табылғанын хабарлаған. Бұл Батыс Африкаға ұрланған көліктерді тасымалдайтын желіні әшкереледі.
Сол жылы бөлек операция барысында Гана қауіпсіздік органдары Еуропа мен Солтүстік Америкадан ұрланған 43 сәнді көлікті тапты. Ондағы табысты ұлттық және халықаралық құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықтың жақсаруымен байланыстырды.


